Новость: Жастар әрқашан трендте болуы керек!

Опубликовано: 20.11.2018

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Ақтөбеде кеше «JAS JERLESTER» қалалық жастар форумыөтті. Елбасы Н.Назарбаев биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Бұл жолғы форум алдағы атаулы жылға алғышарт, дайындық ретінде ұйымдастырылды. Ақтөбе қаласы әкімдігі ұйытқы болған шараға мемлекеттік органдардың басшылары, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, жас кәсіпкерлер, спортшылар, жоғары және орта білім беру ұйымдарының студенттері мен оқушылар қатысты.

Форумның ресми бөлігіне қатысқан Қазақстандағы ең жас әкімдердің бірі — Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов жастардың бұл шараны нәтижелі өткізулеріне тілектестігін білдірді:

— Бұл басқосуға білім алып жатқан студенттермен бірге еңбек етіп, өз саласында жетістіктерге жетіп жүрген ақтөбеліктер шақырылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы жылды Жастар жылы деп жариялады, Президент өзінің әр жылғы Жолдауларында, басқа да құжаттарда жастарға үнемі арнайы көңіл бөліп, елімізде жүргізіліп жатқан жастар саясатына ерекше тоқталады. Мәңгілік ел болудың кепілі — балаларымыздың бақытты, жастарымыздың білімді болуы екені айқын. Осы бағытта биыл облыста Бердібек Сапарбаевтың ұйытқы болуымен Балалар жылы жарияланып, түрлі шаралар өткізілді. Балаларымыздың, жастарымыздың білімді болуы, ертеңгі күні бәсекеге қабілетті болуы, сапалы маман болуы — болашақтың іргесінің берік болуының кепілі. Ақтөбе қаласы еліміздегі ең ірі төрт агломерациялық орталықтың бірі болады, ол білімді, жаңа заманауи технологиялардың тілін білетін мамандарды қажет етеді. Осы бағытта форумға IT-технолог мамандар да шақырылды. Біз осы форумда өзара тәжірибе бөлісіп қана қоймай, Жастар жылы аясында республикалық деңгейде істелетін жұмыстарға қатысты өз ұсыныстарымызды жолдауымыз керек, — деді қала әкімі.

Сондай жас стартаперлердің бірі RobiGroup IT-компаниясының бағдарламашысы және негізін қалаушы Ермек Серікбай Ақтөбедегі физика-математика мектебін «Алтын белгімен» бітірген. Қазір Алматы қаласында тұрады:

— 2014 жылы халықаралық ақпараттық технология университетін бітіргеннен кейін бірден өз компаниямызды ашуға кірістік, бүгінде компаниямызға бес жыл болды. Біздің команда Қазақстанда алғаш рет адамға ұқсас роботты жасап шығардық, одан бөлек тікұшақ ұшқыштары жаттығу жасауда пайдаланатын технология бойынша жұмыс істедік. Алдағы Жастар жылы аясында өзімнің туған жерім Ақтөбе қаласында да «Смарт-Ақтөбе» жобасы бойынша өз ұсыныстарымызды беруге, оны жүзеге асыруға дайынбыз. Бүгінде әлем қарқынды даму үстінде, жастар осы дамудың қарқынынан қалып қоймауы керек, іздену керек, соңғы жаңалықтарды біліп жүру керек, трендте болуы керек,  — дейді Ермек Серікбай.

Жас спикерлердің бірі республикалық паралимпиадалық додалардың жеңімпазы Сұлтан Жасыбай мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеу барысында иппотерапияның пайдасы туралы айтты:

— Қимылы адамның қимыл аппаратының биомехникасы бағытымен сәйкес келетін жылқыдан басқа жануар жоқ. Жылқының денесінің температурасы адамның температурасынан 2 градус жоғары болады, оның тербелісі үстінде отырған баланың бұлшықеттеріне оң әсер етеді. Жалпы, бұл — менің өмірімдегі ең маңызды жоба. Себебі мен бала кезден мүгедек болудың қаншалықты ауыр екенін жақсы білемін. Бүгінде Ақтөбеде 18 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат болса, соның үш мыңнан астамы балалар екен… Сондықтан бұл жоба осындай балалары бар отбасылар үшін өте қажет жоба екені айқын, — дейді Сұлтан Жасыбай.

Форум барысында сегіз секция бойынша, яғни «Жастар және мемлекет», «Жастарды еңбекке тарту», «Спорт», «Радикалды діни идеологияға қарсы тұру», «Кәсіпкерлік пен туризмді дамытудағы жастардың ролі», «Медиасауаттылық», «IT компания: дамудың алғашқы жылдары», «Жас ұрпақтың рухани адамгершілік тәрбиесі, елдің қолайлы дамуының негізі» тақырыптарында тренингтер өтті. Оларды осы салаларда еңбек етіп жүрген кәсіби мамандар жүргізді.

Форум аясында жұмыссыз жастарды қолдау мақсатында жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Сондай-ақ Ақтөбе қаласы әкімдігі мен «Жас қанат» жастар қанаты, «Жасыл ел» республикалық штабы, қалалық білім бөлімінің педагогикалық еңбек ардагерлері кеңесі арасында жастар кәсіпкерлігін дамытуға, жастарды жат әдеттерден аулақ болуға, олардың тұрақты түрде спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануларына, сондай-ақ қала аумағында студенттік отрядтар қызметтерін жүргізуге қолдау мақсатында өзара меморандумдарға қол қойылды.

— Форум мақсаты — білім алып, еңбек етіп жатқан жастардың, сонымен бірге өзге жақтарда жұмыс істеп, жетістіктерге жетіп жүрген жерлес жастардың басын қосу, жастар мен мемлекеттік құрылым және бизнес өкілдері арасында дискуссиялық алаң қалыптастыру еді, біз бұл мақсатымызға жеттік деп ойлаймын,  — дейді қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Жандос Табылғанов. Ж.Табылғановтың идеясымен қазақтың Шоқан, Сұлтанмахмұт, Абай, Ыбырай секілді алыптарының суреттерін салып, олардың қасына жастарға арналған жазулар жазып, қала көшелеріне іліп қою бастамасы жүзеге асырыла бастаған. «Бұл жастарға оң әсер етеді деп ойлаймыз», — дейді ол.

«JAS JERLESTER» атты форумының жоғары деңгейде өткізуіне атсалысқан белсенді жастар, «Жомарт жүрек», «Ақтөбе — құтты мекен» бейнеролик және эссе конкурстарының жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ, форум аясында Халықтық кеңсе ғимаратында жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

rss